Ангелина Лукас абсолют чемпион атағы үшін айқасқа дайындала бастады

Ангелина Лукас. Фото: LightRocket via Getty Images
IBO, WBF, WIBF және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие болған қазақстандық боксшы Ангелина Лукас келесі жекпе-жегі жайлы сүйінші жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, бұл жолы абсолют чемпион атағы сарапқа салынуы мүмкін. Спортшы бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
«WBO белбеуін қорғауға дайындықты бастап кеттім. Жекпе-жекті Таразда, өз туған қаламда өткізгіміз келеді. Бұл мен үшін ғана емес, еліміз үшін де тарихи кездесу болмақ», – дейді Лукас.
Сондай-ақ, Ангелина әлемдік рейтингтің үздік үштігіне кіріп, абсолют чемпиондыққа басты үміткер ретінде тіркелгенін айтты. Оның қарсыласы – америкалық Габриэла Фундора. Лукас бұл жекпе-жек 2024 жылы өтетініне сенімді екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ангелина Лукас кәсіпқой бокста 15 кездесу өткізген. Оның 14-інде жеңіске жетіп, жетеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Бір ғана жекпе-жекте қарсыласына есе жіберген.