«Канело» мен Мунгияға сәттілік тілеген Бек Нұрмағанбет жаттығу лагерін аяқтады

Бек Нурмаганбет. Фото: nurmaganbet.bek.kazbekuli/Instagram
Кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет жақында ғана Сауль «Канело» Альварес пен Хайме Мунгиямен бірге өткізген жаттығу жиынын аяқтап, мексикалық жұлдыздарға алдағы жекпе-жектерінде сәттілік тіледі. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
«Канело» мен Мунгия өз жекпе-жектеріне аттанып кетті. Сауль Альварес 3 мамыр күні Эр-Риядта IBF чемпионы Вильям Скуллмен күш сынасады. Ал Мунгия сол кеште француз Бруно Сураспен реванш өткізеді. Екеуі де жеңіске жетуге ұмтылып жатыр.
«Жігіттерге сәттілік тілеймін. Әлемдік деңгейдегі боксшылармен бірге жаттығуға мүмкіндік бергендеріңізге рақмет! Біз де келесі жекпе-жекке дайындалып жатырмыз», – деп жазды Бек.
Айта кетейік, Нұрмағанбет 5 сәуірде Филадельфияда өткен жекпе-жекте костарикалық Энкарнасьон Диасты бірінші раундта нокаутқа жіберген. Енді ол 24 мамырда Сан-Диегода шаршы алаңға қайта оралады. Қарсыласы әзірге белгісіз.