Қазақстан эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Қытайдың Шаосин қаласында өтіп жатқан эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатын сәтті бастап, алғашқы алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Ел құрамасы аралас 4х400 метрлік эстафетада чемпион атанды.
Алтын жүлдені Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс құрамындағы қазақстандық квартет жеңіп алды. Финалдық жарыста олар 3 минут 16,75 секунд нәтижесін көрсетіп, барлық қарсыластарынан озық шықты.
Күміс медальді Үндістан құрамасы иеленді. Олар мәреге 3:17.06 уақыт көрсеткішімен жетті. Үздік үштікті 3:17.20 нәтижесімен Қытай құрамасы түйіндеп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Эстафеталық жүгіруден Азия чемпионаты 21 маусым күні аяқталады. Алдағы жарыс күндерінде Қазақстан құрамасының спортшылары ерлер және әйелдер арасындағы 4х400 метрлік эстафеталарда да бақ сынап, жүлде үшін күресті жалғастырады.



