Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы Айти және Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы марафондық спорттық жүріс жарысында бастапқыда жеңімпаз атанған Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Федерация жарыс басталар алдында спортшының жабдықтары тексеріліп, жарысқа жіберілгенін, ал аяқ киім бренді World Athletics талаптарына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Ұйым нақты аяқ киім үлгісіне қатысты сұрақтар туындағаннан кейін тиісті шағымдарды жедел түрде жолдағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Федерация Ясмина Тоқсанбаеваның құқықтары мен мүдделерін халықаралық инстанцияларда қорғау жұмыстарын жалғастырып жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы істің қорытындысына қарамастан, Ясмина Тоқсанбаева чемпион ретінде алуға тиіс барлық жүлде төлемдерін толық көлемде алатынын хабарлады. Аталған қаражат Федерацияның өз қаражаты есебінен төленеді.
Бұған дейін Тоқсанбаеваның марафондық 42,195 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта бірінші болып аяқтағаннан кейін нәтижесінің жарамсыз деп танылғаны белгілі болған еді. Қазақстандық спортшы қарсыластарын төрт минутқа жуық уақытқа басып озған. Қазіргі таңда Федерация оның мүддесін қорғау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.


