Қазақ гимнасшыларына Дохадағы додада қос жүлде бұйырды

Милад Карими. Фото: Olympic.kz
Катар астанасы Дохада өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы екі бірдей медаль жеңіп алды. Екеуі де еркін жаттығулар бағдарламасы бойынша келді.
Милад Карими қазылар алқасынан 14.466 ұпай жинап, алтын медаль еншіледі. Ал оның ізін ала Алтынхан Темірбек 13.633 балмен күміске қол жеткізді.
Үшінші орынға 13.600 ұпай жинаған Ұлыбритания өкілі Сэм Мостоуфи ие болды. Айта кетейік, 18 сәуір күні ат үстіндегі жаттығу финалында Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ідрісов ел намысын қорғайды.