«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы қалған матчтарын Астанада өткізеді

ФК Кайрат

Фото: ФК Кайрат

Алматының «Қайрат» клубы УЕФА ұйымына өтініш жолдап, Чемпиондар лигасының қалған үй ойындарын Астанада өткізуге рұқсат сұрады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Бұл туралы клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Нұрсұлтан Құрманның подкастында мәлімдеді.

Боранбаевтың айтуынша, мұндай шешімге қыстағы ауа райының қолайсыздығы мен Алматыдағы алаңның дайын болмауы себеп болған. «Біз УЕФА-ға матчтарды Астанаға көшіру туралы ресми өтініш жібердік, қазір жауап күтіп отырмыз. Желтоқсан мен қаңтарда Алматыда ауа райы өте суық, ал алаң футбол өткізуге жарамсыз болады. Дегенмен, егер жағдай жақсарса, ойын Алматыда өтуі де мүмкін», — деді ол.

Егер УЕФА өтінішті мақұлдаса, «Қайрат» өз матчтарын «Астана Арена» стадионында өткізеді. 9 желтоқсанда алматылықтар грек клубы «Олимпиакоспен», ал 20 қаңтарда бельгиялық «Брюггемен» кездеседі.

Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының үшінші турында «Қайрат» кипрлік «Пафоспен» тең ойнаған (0:0). Ал келесі кездесу 6 қараша күні Миландағы «Интерге» қарсы өтеді.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру