Ислам Чесноков «Хартс» клубымен келісімшартқа қол қойды
Шотландиялық «Хартс» футбол клубы Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковпен ресми түрде келісімшарт жасасқанын мәлімдеді. Осылайша қазақстандық ойыншы Шотландия Премьер-лигасында өнер көрсететін ұжымның қатарына қосылды.
Ислам Чесноков Өскемен қаласындағы «Алтай» клубының түлегі саналады. Ол 2018 жылы жастар құрамында ойнай бастады. Негізгі құрамдағы алғашқы ойынын 2020 жылғы 15 қыркүйекте «Туранға» қарсы матчта өткізді. Сол кезеңнен бастап футболшы кәсіби деңгейде тұрақты дамып, тәжірибе жинақтады.
2021 жылдың сәуір айында Чесноков Беларусь чемпионатына ауысып, Белшина клубының намысын қорғады. Жоғары лигадағы дебютін 2022 жылғы 20 наурызда могилёвтік «Днепрге» қарсы ойында өткізсе, алғашқы голын сол жылдың 21 мамырында «Ислочь» қақпасына соқты. Беларусь клубы сапында ол барлық турнирде 59 матч өткізіп, 11 гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. 2023 маусымында Ислам Қазақстанға оралып, Қостанайдың Тобол клубында ойнады. Бұл команда құрамында ол 92 матчқа қатысып, 29 гол және 15 голдық пасымен көзге түсті.
«Хартсқа» ауысу Ислам Чесноковтың мансабындағы тарихи қадам болды. Ол клуб тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанып қана қоймай, Шотландия чемпионатында ойнаған тұңғыш қазақстандық ойыншы ретінде тіркелді. Бұл келісімшарт футболшының халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндік береді.



