Данияр Елеусинов мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 тәулікке қамалды

Данияр Елеусинов

Фото: yeleussinovdaniyar/Instagram

2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов мас күйінде көлік басқарғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Сонымен қатар сот оны жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, Елеусинов алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болған. Сот материалдарына сәйкес, ол алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған, кейін басқа автокөлікпен соқтығысқан. Осыдан кейін инерциямен тағы бір көлікке соғылып, соққы салдарынан Kia Sportage автокөлігі Toyota Hilux көлігіне барып соғылған. Оқиғалар салдарынан бірнеше көлікке материалдық шығын келтірілді.

Сот барысында спортшының кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен және қатысушылардың түсініктемелерімен дәлелденді. Сараптама қорытындысы бойынша Данияр Елеусиновтің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Спортшы сот отырысында өз кінәсін толық мойындады. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды.

Сот Данияр Елеусиновке 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындап, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды. Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін 9 шілде күні таңертең бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысқан Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғаны, кейін оның Данияр Елеусинов екені анықталғаны хабарланған болатын.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру
Соңғы жаңалықтар