Асу Алмабаев UFC турнирі алдында қарсыласын бағалады

Асу Алмабаев

Фото: Zuffa LLC

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдіріп, қарсыласы Чарльз Джонсонды бағалады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Айқас 27 маусым күні Бакуде өтетін турнир аясында ұйымдастырылады.

Алмабаевтың айтуынша, америкалық спортшы оның мансабындағы ең тәжірибелі қарсыластардың бірі. «Чарльз Джонсон – менің ең тәжірибелі қарсыластарымның бірі. Топ-10-ға кіргендердің бәрі онымен жекпе-жек өткізген. UFC бастапқыда маған жақсы мүмкіндік берген еді, бірақ жарақатқа байланысты ол айқас өтпей қалды. Содан кейін маған таңдау берілмеді – „Джонсонмен шығасың“ деді», — деді ол.

Сондай-ақ қазақстандық файтер басқа қарсыласпен кездесуді қалағанын айтты. «Мен Мореноны жеңген файтермен жұдырықтасқым келді және соны сұрадым. Қазір Мореноны жеңген жігіт Ройвалмен кездеседі, ал Киоджи Капемен жекпе-жек өткізеді», — деп қосты Алмабаев.

Бастапқыда ол 1 наурыз күні Мехикода Брэндон Мореноға қарсы шығуы тиіс болған, алайда жарақатқа байланысты жекпе-жек өтпей қалды. Енді оның қарсыласы UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесінде 15-орында тұрған Чарльз Джонсон болады.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру