Жеті алтын жүлде: U19 және U22 санатындағы Азия чемпионатында Қазақстан командалық есепте нешінші орын алды?

Бокс

Фото: КФБ

11 тамызда Таиландтың Бангкок қаласында тарихи Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Додаға екі жас санатындағы спортшылар қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы есепте жеті алтын медаль иеленді. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Құрлықтық біріншілік биыл алғаш рет Дүниежүзілік бокс федерациясының (World Boxing) ұйымдастыруымен өтті. Көптеген құрама додаға өздерінің үздік спортшыларын алып барып, жарыстың бәсекелестігін күшейтті. Соның нәтижесінде жарыс тартысты өтіп, күтпеген нәтижелер тіркелді.

1754920651

Медальдар екі жас санатында сарапқа салынды. Бангкоктағы шаршы алаңға 19 және 22 жасқа дейінгі спортшылар шықты. Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысып, ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізді. Ерекше атап өтерлігі, жас қазақстандық боксшыларды Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырды.

Шешуші дайындық кезеңі Ыстықкөлде (Қырғызстан) өтті.

“Біз Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жиын барысында физикалық және техникалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар Қырғызстан ұлттық құрамасымен бірлесіп қарқынды жаттығу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жаттығу жекпе-жектері өткізілген болатын.

Әр салмақта өткен жаттығу жекпе-жектерінің нәтижесінде ең үздік спортшылар іріктелді. Іріктелген боксшылардың барлығы Таиландқа аттанды. Азия чемпионатынан кейін қалыпқа келтіру шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі жарыс кестесі өте тығыз болды және жекпе-жектер ауыр өтті”, – деді Сәрсекбаев.

Нәтижелерге тоқталсақ, жалпы алғанда боксшыларымыз Азия чемпионатында жеті алтын медаль жеңіп алды. Оның ішінде бес алтынды жоғары жас санатындағы спортшылар еншіледі. Ал U19 санатында ерлер мен әйелдер құрамасы бір-бір алтыннан иеленді.

U19

1754920748

Ерлер арасында Азия чемпионы атанған – Расул Асанханов (90 келіге дейін). Әділет Тортубек (60 келіге дейін), Бейбарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Тимур Тайбеков (80 келіге дейін) және Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Ал Нұрсұлтан Шілдебай (75 келіге дейін) қола медаль иеленді. Командалық есепте Қазақстан үшінші орынға жайғасты. Бірінші орында – Өзбекстан, екінші – Таиланд.

1754920771

Қыздар арасында Құралай Егінбайқызы (80 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Аяжан Ермек (57 келіге дейін) күміс медальға қол жеткізді. Айым Танкибаева (51 келіге дейін), Жанель Имантаева (54 келіге дейін), Алина Кудайгенова (60 келіге дейін), Ақбота Есімбекова (65 келіге дейін) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Осылайша Қазақстан құрамасы медальдық есепте төртінші орынға жайғасты.

U22

1754920802

Азия чемпионатының шешуші күнінде 22 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынады. Бұл кезеңде қазақстандық боксшылардың нәтижесі айтарлықтай жақсарды. Әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келіге дейін) мен Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) алтын медаль еншіледі. Ал Шұғыла Нәлібай (75 келіге дейін) мен Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) күміс жүлде алды. Қорытынды есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орын – Қытай, екінші – Өзбекстан.

1754920841

Ерлер арасындағы сайыста Қазақстанның әнұраны үш мәрте шырқалды. Чемпион атанғандар: Нұрислам Қалдыбаев (60 келіге дейін), Санжарәлі Бегалиев (80 келіге дейін), Темірлан Мұқатаев (90 келіге дейін). Илья Калинин (65 келіге дейін) мен Нұрбек Мұрсал (70 келіге дейін) күміс медаль алды. Командалық есепте біздің құрама тек Өзбекстанға ғана жол берді. Үшінші орын Жапонияға бұйырды.

“U22 санатында бес бірдей боксшымыз шешуші кезеңге өтті. Нәтижесінде үш алтын, екі күміс жүлде бұйырды. Жігіттердің өнеріне ризамын. Біздің әлеуетіміз жоғары. Сондықтан алда бізді үлкен жұмыс күтіп тұр”, – деді Сәрсекбаев.

1754920887

Сурет: ҚБФ

Автор туралы

Айбар Рысдалует

Спортивный журналист и обозреватель. Специализируется на казахстанском футболе и олимпийских видах спорта. Побывал на Олимпийских играх в Токио и играх БРИКС.
Барлық авторлық жазбаларды көру