Қазақстан құрамасы ӘЧ-2027 турниріндегі қарсыластары мен ойын өтетін аренаны білді
Хоккейден Қазақстан құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатында «B» тобында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Бұл топтың матчтары Германияның Мангейм қаласындағы SAP Arena мұз сарайында өтеді. Ал «A» тобының кездесулері Дюссельдорфтағы PSD Bank Dome аренасында ұйымдастырылады.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Канада, АҚШ, Чехия, Словакия, Дания, Норвегия және Венгрия құрамаларына қарсы ойнайды.
Қазақстандық хоккейшілер үшін Мангейм аренасы жақсы таныс. Ұлттық құрама бұған дейін де осы қалада өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен.
2010 жылғы әлем чемпионатында Андрей Шаянов баптаған команда Италия мен Францияға қарсы матчтарға қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы бұл кездесулерде 1:2 және 3:5 есебімен жеңіліп, жарыс қорытындысында элиталық дивизионнан шығып қалған еді.
ӘЧ-2027 турнирі Германияда 14–30 мамыр аралығында өтеді.



