Иван Дычко кәсіби рингте алғаш рет жеңілді

Фото: TKO Worldwide LLC via Getty Images
Қазақстанның танымал боксшысы Иван Дычко кәсіпқой рингте тұңғыш рет жеңіліп қалды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Лас-Вегаста өткен бокс кешінде ол Сауль Альварес пен Теренс Кроуфорд жекпе-жегінің андеркардында шаршы алаңға шықты. Дычко ауыр салмақта америкалық Джермейн Франклинмен күш сынасты. Жекпе-жек он раундқа созылып, сегізінші раундта төреші қазақстандыққа жиі клинчке барды деп бір ұпайлық ескерту жасады.
Нәтижесінде қазылар алқасы бірауыздан жеңісті Франклинге берді (96:93, 95:94, 97:92). Дегенмен бірқатар мамандар мен Netflix арнасының бейресми төрешісі бұл кездесуде Дычко басым болды деген пікір білдірді. Бұған дейін 15 рет жеңіп, оның 14-ін нокаутпен аяқтаған 35 жастағы қазақ боксшысы алғаш рет жеңілістің дәмін татты.
Айта кетейік, Иван Дычко әуесқой бокста да табысты өнер көрсеткен. Ол Лондон-2012 мен Рио-2016 Олимпиадаларында қола жүлде алып, Азия чемпионаттары мен Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Ал 31 жастағы Франклин үшін бұл қатарынан үшінші жеңіс болды. Оның еншісінде қазір 24 жеңіс (15 KO) және 2 жеңіліс бар.