Қазақстан құрамасының ойыншысы Польша клубына ауысты
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Вячеслав Колесников мансабын Польша чемпионатында жалғастырады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
25 жастағы хоккейші «Барыс» жүйесінен кетіп, Польшаның «Торунь» клубымен келісімшартқа қол қойды.
Өткен маусымда Колесников ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Барыс» сапында 16 матч өткізіп, бір шайба соқты.
Маусымның басым бөлігінде ол Қазақстан чемпионатындағы «Номад» клубында өнер көрсетті. Тұрақты біріншілікте шабуылшы 29 кездесуде 27 ұпай жинады. Оның еншісінде 19 гол және 8 нәтижелі пас бар.
Плей-офф кезеңінде де қазақстандық хоккейші нәтижелі ойын көрсетті. Ол 16 матчта бес шайба соғып, сегіз нәтижелі пас беріп, жалпы 13 ұпай еншіледі.
Колесников Қазақстан құрамасына да тұрақты түрде шақырылады. 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында ол сегіз кездесуде бес гол соғып, үш нәтижелі пас беріп, сегіз ұпай жинаған болатын.



