Мейірім Нұрсұлтанов Хесус Рамоспен жекпе-жектен кейінгі мақсатын атады
Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Мейірім Нұрсұлтанов америкалық Хесус Рамоспен өтетін титулдық жекпе-жекке толық дайын екенін айтып, одан кейін Доминикан Республикасының өкілі, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеспен кездескісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша кездесу 20 қыркүйек күні таңертең ұйымдастырылады. Алдағы айқас алдында қазақстандық боксшы бұл мүмкіндікті үш жылға жуық күткенін және титул үшін болатын жекпе-жекте бар мүмкіндігін көрсеткісі келетінін айтты. «Мен бұл жекпе-жекті үш жылға жуық күттім. Дайынмын. Осы сенбіде өзімді ең жақсы қырымнан көрсетуге тырысамын, өйткені бұл титулдық жекпе-жек. Сондықтан жекпе-жекті көріп, менің есімімді есте сақтаңыздар», – деді Мейірім АҚШ-тағы журналистермен әңгімесінде.
Қазақстандық боксшы маңызды жекпе-жекті ұзақ күту оңай болмағанын да жасырмады. Дегенмен ол мұндай үзілісті кәсіпқой спорттағы қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын жеткізді. Қазір Нұрсұлтанов үшін басты міндет – WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Хесус Рамоспен өтетін кездесуде жеңіске жету.
Ал Рамоспен жекпе-жектен кейін Мейірім Нұрсұлтанов толыққанды чемпиондық белбеу үшін айқас өткізуді көздеп отыр. Бұған дейін WBC президенті Маурисио Сулейман Нұрсұлтанов – Рамос жекпе-жегінің жеңімпазы ұйымның орта салмақтағы негізгі титулына міндетті үміткер атанатынын айтқан. Бұл белбеу қазіргі таңда доминикандық Карлос Адамеске тиесілі. Нұрсұлтанов та келесі мақсаты Адамеспен кездесуді жоспарлап отырғанын ашық айтты: «Осы жекпе-жектен кейін Карлос Адамеспен айқасқым келеді».



