Халк «Ақтөбенің» ұсынысын қабылдамай, рекордтық жалақы талап етті

Халк. Фото: hulkparaiba/Instagram
Бразилиялық шабуылшы Халк «Ақтөбе» футбол клубының ұсынысын қабылдамай, Қазақстан футболы үшін бұрын-соңды болмаған қаржылық талап қойды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, ойыншының агенті жылына 10 миллион АҚШ доллары көлемінде жалақы талап еткен. Ал қазақстандық клубтың ұсынысы шамамен 1,5 миллиард теңгеге бағаланған. Қазіргі таңда келіссөздердің тоқтап қалуына негізгі себеп – тараптардың қаржылық көзқарастарының сәйкес келмеуі.
«Ақтөбе» Халкке деген қызығушылығын клубтың трансферлік саясатын күшейту аясында танытқан болатын. Басшылық тәжірибелі бразилиялық шабуылшыны команда көшбасшысы ретінде көргісі келді және оның келуі Қазақстан Премьер-лигасының беделіне де оң әсер етеді деп есептеді. Алайда футболшы тарапынан қойылған қаржылық талаптар қазақстандық клубтар үшін қалыпты шеңберден айтарлықтай жоғары болып отыр.
Клуб дереккөздерінің мәліметінше, «Ақтөбе» Халкке жылына шамамен үш миллион доллар жалақы төлеуге дайын. Бұл сома Қазақстан чемпионаты үшін өте жоғары көрсеткіштердің бірі саналар еді. Дегенмен агент талап еткен он миллион долларлық жалақы КПЛ тарихындағы абсолютті рекорд болар еді. Осы айырмашылық ықтимал трансфердің жүзеге асуына үлкен кедергі келтіріп отыр, бірақ келіссөздер толық тоқтатылған жоқ.
Қазіргі таңда 39 жастағы Халк Бразилияда «Атлетико Минейро» клубының намысын қорғап жүр. Бразилиялық басылымдардың бағалауынша, оның қазіргі жылдық табысы шамамен 1,8 миллион долларды құрайды. Бұл тұрғыда «Ақтөбенің» үш миллион долларлық ұсынысы оның қазіргі жалақысынан жоғары. Алайда ойыншы мен оның өкілдері Қазақстанға ауысуды тек ерекше әрі тарихи деңгейдегі қаржылық шарттармен ғана қарастыруға дайын екенін аңғартып отыр.
Астанада 2026 жылы «Жеңіске» арналған жаңа футбол стадионы ашылады
Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатындағы екінші алтын медалін жеңіп алды
