Елдос Сметов Олимпиададан кейінгі алғашқы халықаралық турниріне қатысады

Фото: Eurosport
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Париждегі тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ресми халықаралық жарысына қатысады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Қазақстандық дзюдошы 26–28 маусым аралығында Қытайдың Циндао қаласында өтетін Гран-при турнирінде бақ сынайды. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сметов жарысқа жетінші нөмірмен тіркелді.
Қазақстандық спортшының басты қарсыластарының бірі – Франция өкілі Ромен Валадье-Пикар. Ол 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Сондай-ақ фавориттердің қатарында Израиль спортшысы Ицхак Ашпиц те бар. 18 жастағы дзюдошы Әуропа чемпионатының қола жүлдегері және кадеттер арасындағы әлем чемпионы болып табылады.
Циндаодағы турнир Елдос Сметов үшін 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми жарыс болмақ. Халықаралық дзюдо федерациясы қазақстандық спортшының қатысатынын ресми түрде растады.



