Дәуір өтті: Овечкин мансабын 2026 жылы аяқтайды

Фото: NHLI via Getty Images
Қазіргі заманның ең атақты хоккейшілерінің бірі, ресейлік шабуылшы Александр Овечкин 2025/26 маусымынан кейін Ұлттық хоккей лигасындағы (НХЛ) мансабын аяқтайды. Бұл туралы The Hockey Writers журналисі Тони Уолак хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, «Вашингтон Кэпиталз» клубы маусымдық абонемент иелеріне арнайы хат жолдап, бұл жаңалықты растаған.
Овечкин 2005 жылдан бері осы клубтың намысын қорғап келеді. Оның бүкіл НХЛ-дегі мансабы «Кэпиталзбен» тығыз байланысты. 2025 жылдың сәуірінде ол Уэйн Гретцкидің рекордын жаңартып, тұрақты маусымдардағы гол саны бойынша жаңа тарихи межені бағындырды — 894 шайбадан асып түсті.
Оның клубпен жасалған қазіргі келісімшарты 2026 жылдың жазында аяқталады. Бұл күн аңызға айналған спортшының хоккейдегі жолының соңғы нүктесі болмақ.
Соңғы маусымда Овечкин 65 ойын өткізіп, 73 ұпай жинады – 44 гол және 29 ассист. Плей-офф кезеңінде 10 матчта 5 шайба соғып, 1 нәтижелі пас берген.