Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық жекпе-жек тағайындалғаннан кейін мәлімдеме жасады

Фото: Личный архив
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дания өкілі Якоб Банкпен өтетін чемпиондық жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Әлімханұлы кәсіпқой бокста 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 12 жекпе-жегі нокаутпен аяқталды. Ал Якоб Банк те жеңіліссіз келеді – 20 жекпе-жекте 20 жеңісі бар, оның 11-інде қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.
«Қарсылас анықталды! Егер ол қорқақтың жолын қайталамай, жекпе-жекке келіссе, бізді үлкен шоу күтіп тұр! Жаңа салмақ дәрежесі – бірден чемпиондық жекпе-жек! Егер бұйырса, екі салмақта әлем чемпионы атанамыз!» – деп жазды Әлімханұлы Instagram парақшасында.
Бұған дейін WBO ұйымы бос тұрған екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек бойынша келіссөз жүргізуді тапсырған болатын. Ұйым президенті Густаво Оливьери тараптарға келісімге келу үшін 15 күн берілгенін хабарлады. Егер белгіленген мерзімде келісім жасалмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік сауда арқылы анықталады.


