Елена Рыбакина Торонто турнирінің финалына шықты

Елена Рыбакина

Рыбакина на турнире в Дохе. Фото: пресс-служба ФТК

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің финалына жолдама алды. Ол жартылай финалда әлемнің төртінші ракеткасы Кори Гауффты жеңді.

Қазақстандық теннисші бірінші сетте 5:7 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ кейін Рыбакина ойынды өз қолына алып, келесі екі партияда 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Матч 2 сағат 12 минутқа созылды.

Ойын барысында Рыбакина бес эйс жасап, бір рет қос қателік жіберді. Ал Гауфф үш эйс орындап, бес қос қателікке жол берді. Қазақстандық теннисші үш брейк жасап, қарсыласына бір ғана брейк жасауға мүмкіндік берді. Жалпы ұпай саны бойынша да Рыбакина басым түсті – 83:72.

Бұл Рыбакинаның Гауффқа қарсы алғашқы жеңісі болды. Бұған дейін екі теннисші 2022 жылы Торонто турнирінде бір рет кездескен. Сол матчта америкалық спортшы үш сетте жеңіске жеткен еді.

Финалда Елена Рыбакина әлемнің жетінші ракеткасы Ига Швентекпен кездеседі. Польша өкілі жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жеңді.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру