Елена Рыбакина Торонто турнирінің финалына шығып, 263 миллион теңгеге жуық сыйақы алды

Фото: Contributor
Қазақстанның екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің финалына шығып, қомақты сыйақыға ие болды.
Қазақстандық теннисші шешуші матчқа америкалық Кори Гауффты жеңіп жетті. Рыбакина алғашқы сетте 5:7 есебімен жеңіліп қалғанымен, кейін ойынды толық бақылауына алып, келесі екі партияны 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Финалға шығудың өзі Рыбакинаға 564 920 доллар сыйақы алуға кепілдік берді. Бұл қазіргі есеп бойынша шамамен 263,2 миллион теңгеге тең. Сонымен қатар қазақстандық спортшы рейтингтік қоржынына 650 ұпай қосты. Егер финалда жеңіске жетсе, оның сыйақысы мен рейтингтік ұпайы одан әрі көбейеді.
Титул үшін өтетін матчта Рыбакина польшалық Ига Швентекпен кездеседі. Швентек жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны үш сетте – 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жеңді.
Торонто турнирі 2-13 тамыз аралығында өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 7 433 076 долларды құрайды. Былтыр турнирде канадалық Виктория Мбоко чемпион атанған еді.


