Жәнібек Әлімханұлы рингке оралуға дайындықты бастағанын мәлімдеді

Жанибек Алимханулы

Фото: janibek_alimkhanuly/Instagram

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін рингке оралуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. «Qazaq Style» лақап атымен танымал былғары қолғап шебері жаттығу барысынан бейнежазба жариялап, алдағы жекпе-жектерге дайындықты бастап кеткенін айтты.

Қазіргі уақытта спортшының дисквалификациясы әлі күшінде болғанымен, ол жаттығуын тоқтатқан жоқ және спорттық бабын сақтап келеді. Еске салсақ, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Ларамен өтуі тиіс жекпе-жек алдында допингке қатысты ережені бұзғаны үшін бір жылға жарыстардан шеттетілген болатын. Кейін қазақстандық боксшы желтоқсан айында кәсіби рингке қайта оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның дисквалификация мерзімі 2026 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады.

Қазіргі таңда Жәнібектің ықтимал қарсыластарының бірі ретінде WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы ресми үміткер Дензел Бентли аталып жүр. Егер бұл жекпе-жек ұйымдастырылса, ол қазақстандық боксшының ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы кездесуі болады. Әлімханұлының өзі толыққанды дайындыққа кіріскенін айтып, алдағы мақсаттарының ауқымды екенін жеткізді.

«Біз жарыстарға дайындықты бастадық. Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Біз тарихқа ену жолындағы еңбегімізді жалғастырамыз. Әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшыларды әрдайым қолдап келе жатқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына шынайы алғысымды білдіремін. Әрбір маңызды жарыс алдында Мемлекет басшысы бізге сәттілік пен жеңіс тілейді. Біз тек өзіміз үшін емес, көк туымыз, Әнұранымыз және миллиондаған қазақстандық жанкүйер үшін күресеміз. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, көк Туымызды әлемдік аренада қайта желбірету үшін бар күшімізді саламыз», – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру