Шетелдік легионерлерге бюджеттен қаржы берілмейді – спорт саласына жаңа заң қабылданды

Иллюстративное фото: Shutterstock
Мемлекет басшысы «Дене шынықтыру мен спорт мәселелері бойынша және артық заңнамалық реттеулерді алып тастау туралы» заңға қол қойды. Құжат еліміздегі спорт саясатын жетілдіруге бағытталған.
Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай шетелдік спортшыларды (легионерлерді) бюджет қаражатына немесе квазимемлекеттік мекемелердің ақшасына қаржыландыруға тыйым салынады. Мемлекеттік қаржыландыру төрт бағыт бойынша жүргізіледі: жоғары жетістіктер спорты (оның ішінде басым бағыттар), спорт мекемелерінің жұмысы, бұқаралық спорт және спорттық инфрақұрылымды дамыту.
Басым спорт түрлері халықаралық жарыстардағы нәтиже бойынша анықталады. Бұл тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындарына кіретін, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енеді. Сонымен қатар спортшыларды дайындаудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, патриоттық тәрбиеге басымдық беріледі. Антидопингтік ережелерді бұзғандарға шара қолдану құқығы да уәкілетті органға беріледі.