Қазақстандық UFC жауынгері АҚШ-та жаңа лигада дебют жасайды
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев Real American Freestyle (RAF) лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Алмабаевтың дебюті 22 тамызда АҚШ-тың Кливленд қаласында өтетін RAF 22 турнирінде болады. Оның қарсыласы 34 жастағы америкалық Джонни Диджулиус болмақ. Жекпе-жек жартылай жеңіл салмақта (66 келіге дейін) өтеді. Бұл америкалық спортшының RAF-тегі төртінші белдесуі болады. Бұған дейін ол бір жеңіске жетіп, екі рет жеңілген.
Кештің басты оқиғасында 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз UFC жауынгері Шон Брэдимен кездеседі. Сондай-ақ турнир аясында Колби Ковингтон – Белал Мұхаммад, Бо Никал – Макс Макэнелли және Тайрон Вудли – Хоакин Бакли жекпе-жектері жоспарланған.
Асу Алмабаев RAF лигасында өнер көрсететін Қазақстанның үшінші өкілі атанады. Бұған дейін бұл ұйымда әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (1-1) және соңғы жекпе-жегінде Арман Царукяннан жеңілген Қуат Хамитов күш сынаған болатын.



