Қазақстандық боксшы АҚШ-та кезекті жекпе-жегін өткізеді

Евгений Павлов

Фото: Sm1.kz

Jeter Promotions промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы Евгений Павловтың алдағы жекпе-жегі туралы жариялады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Жеңіліс көрмеген спортшы 25 сәуір күні шаршы алаңға қайта шығады.

Жекпе-жек АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Балтимор қаласында орналасқан The Hilton Baltimore Inner Harbor аренасында өтеді. Кездесу алты раундқа жоспарланған және екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде — 59 килограмға дейінгі лимитте ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта қазақстандық боксшының қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ.

Евгений Павлов соңғы рет 2023 жылы рингке шыққан болатын. Ол кезде Петропавл қаласының тумасы Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен бокс кешіне қатысып, жергілікті боксшы Кевин Родригес Гарсиямен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Қазіргі уақытта Евгений Павловтың кәсіби мансабында он жеңіс бар, оның сегізі нокаутпен аяқталған. Бұған дейін қазақстандық боксшы WBA International титулын иеленген және BoxRec статистикалық порталының рейтингі бойынша өз салмақ дәрежесіндегі үздік елу боксшының қатарына енген.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру