«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы дебютін аяқтап, рекордтық табысқа қол жеткізді

Фото: Arsenal FC
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы жалпы кезеңін турнир кестесінің соңғы орнында аяқтағанымен, қатысу нәтижесінде қазақстандық футбол үшін тарихи көлемдегі қаржы тапты, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Спорттық тұрғыда маусым күрделі өткенімен, қаржылық қорытынды клуб үшін де, жалпы ел футболы үшін де маңызды жетістік болды. Еуропадағы ең беделді клубтық турнирге қатысу «Қайратқа» бұрын-соңды болмаған деңгейдегі табыс әкелді.
Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне өткен әрбір клубқа айтарлықтай қаржылай сыйақы қарастырылған. Еуропалық дереккөздердің мәліметінше, «Қайрат» жалпы кезеңге қатысқаны үшін шамамен 21,2 миллион еуро көлемінде табыс тапты. Бұл сомаға матч күндеріндегі коммерциялық кірістер мен қосымша маркетингтік түсімдер кірмейді. Турнир регламентіне сәйкес, әрбір жеңіс үшін 2,1 миллион еуро, ал тең нәтиже үшін 700 мың еуро төленеді. Алматылық клуб сегіз матчтың бірінде ғана ұпай алып, өз алаңында «Пафоспен» тең түсті.
Сонымен қатар, жалпы кезеңдегі орынға байланысты қосымша төлемдер де қарастырылған. Соңғы орын алған команданың өзі шамамен 274 мың еуро алды. Ал кесте көшбасшысы бұл көрсеткіш бойынша 10 миллион еуроға жуық қаржы иеленді. Айта кету керек, «Қайрат» жалпы кезеңге қатысқан командалар арасында ең арзан құрамға ие болды. Халықаралық бағалауларға сәйкес, алматылық клуб ойыншыларының жиынтық трансферлік құны 15 миллион еуроға да жетпеген.
Осылайша, «Қайраттың» Чемпиондар лигасынан тапқан табысы клуб құрамының жалпы нарықтық құнынан бес миллион еуродан астамға жоғары болды. Бұл көрсеткіш клуб үшін үлкен экономикалық мүмкіндік ашып, инфрақұрылымды дамытуға, кадрлық әлеуетті күшейтуге және болашаққа бағытталған жоспар құруға жол ашады. Чемпиондар лигасындағы алғашқы маусым «Қайрат» үшін маңызды тәжірибе болып, қазақстандық футболдың халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетті.
Анна Данилина Australian Open турнирінің финалына алғаш рет жолдама алды
Өзбекстанның этникалық қазағы енді Қазақстан намысын қорғайды
