Паулу Рикардо Кака Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Фото: КФФ
Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Паулу Рикардо Фигейро Силвамен (Кака) ынтымақтастықтың аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Бразилиялық маман 2018 жылдан бері ұлттық құраманы жаттықтырып, осы уақыт аралығында еліміздегі футзалдың дамуына зор үлес қосып, Қазақстанның халықаралық беделін арттырды.
Каканың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Еуропа мен әлемнің үздік командалары қатарында тұрақты орын алды. Ұжым тәртіпті ойын мәнерімен, заманауи тактика мен ұйымшылдықтың жоғары деңгейімен ерекшеленді. 2021 жылы Литвада өткен футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан алғаш рет жартылай финалға шығып, төртінші орынды иеленді. Бұл жетістік ел футзалы тарихындағы ең жоғары нәтиже болып, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарына қосты.
Келесі жылдары құраманың нәтижелері тұрақтылық танытты. 2022 жылы команда Еуропа чемпионатында плей-офф кезеңіне өтті, кейін әлем чемпионаты-2024 іріктеуін сәтті еңсерді. Өзбекстанда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан тағы да әлемнің үздік сегіз құрамасы қатарынан көрінді. Бұл ұлттық футзалдың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті.
Кака жаттықтырған жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткіштерге жетіп, халықаралық деңгейде мойындалды. Мамандығының үздігі ретінде ол бірнеше рет жылдың үздік бапкері атағына ұсынылды, ал 2023 жылы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Достық» II дәрежелі орденімен марапатталды. Қазақстан футбол федерациясы Какаға кәсібилігі, жауапкершілігі мен ел спортының дамуына қосқан еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның есімі Қазақстан футзалы тарихында мәңгі сақталатынын атап өтті.


