Италияда қысқы Олимпиада-2026 ойындарының ашылу салтанаты өтті
6-нан 7 ақпанға қараған түні Италияда қысқы Олимпиада-2026 ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, оның басты алаңы Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионы болды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Ашылу салтанаты бірегей форматта ұйымдастырылды: Миланмен қатар Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларындағы олимпиадалық кластерлер де рәсімге тартылды. Бұл шешім қысқы Олимпиада тарихындағы ең ауқымды әрі кең географияны қамтыған ашылу ретінде бағаланды.
Салтанаттың негізгі көркемдік тұжырымдамасы «Armonia» деп аталды. Ол қала мен тау кеңістігінің, түрлі мәдениеттер мен дәуірлердің, табиғат пен адамның үйлесімін бейнелейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл идея Италияның өнерін, креативтілігін және адамгершілік құндылықтарын образдар мен эмоциялар арқылы көрсетуге бағытталған. Ашылу «Bellezza» атты көркем номермен басталып, онда «Ла Скала» театры академиясының 70-ке жуық бишісі Антонио Канованың туындыларынан шабыт алған тірі мүсіндер бейнесінде өнер көрсетті. Одан кейін 240-тан астам әртіс қатысқан «Fantasia» көрінісі ұсынылды.
Италия президенті Серджо Маттарелла аренға келгеннен кейін «Қала мен таулар» атты көркем блок көрсетілді. Бұл қойылымға 150-ден астам әртіс, әуе гимнастары және сахналық конструкциялар тартылып, олар біртұтас композицияға біріктірілді. Спортшылар шеруі Милан, Ливиньо, Предаццо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында бір мезгілде өтті. Қазақстан құрамасының туын Денис Никиша мен Аяулым Әмренова алып шықты, сондай-ақ қазақстандық спортшылар өзге локацияларда да шеруге қатысты.
Ресми бөлімде Италия президенті Серджо Маттарелла, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри және ОИ-2026 ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго сөз сөйледі. Осыдан кейін Олимпиада ойындары ресми түрде ашық деп жарияланып, Милан мен Кортинеде олимпиадалық алаулар жағылды. Бұл екі алау қала мен Альпінің, дәстүр мен болашақтың байланысын білдіреді. Олимпиада-2026 ойындарында Қазақстан атынан 36 спортшы он спорт түрінен сынға түседі, ал алғашқы жарыстар 7 ақпанда өтеді.


