Хамитов пен Махно жекпе-жегінің бесінші әрекеті сәтті бола ма?

Куат Хамитов
Қазақстандық файтер Куат Хамитов пен ресейлік Алексей Махно арасындағы көптен күткен кездесу тағы да күн тәртібіне шықты. Екі спортшы ACA 209 турнирінде жартылай орта салмақта кездесуі керек. Жекпе-жек 30 қазан күні Душанбе қаласында өтеді деп жоспарланған.
Хамитов үшін бұл кездесу ACA-дегі екінші жекпе-жек болмақ. Қазақстандық спортшы лигадағы дебютін 2025 жылдың қазанында жасаған. Дубайда өткен ACA 194 турнирінде ол ресейлік Анатолий Бойконы үш раундтан кейін төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Хамитовтың кәсіби рекорды – 28 жеңіс, 8 жеңіліс және 2 тең нәтиже.
Махно соңғы жекпе-жегінде сәтсіздікке ұшырады. 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеуде өткен ACA 197 турнирінде ол румыниялық Аурелу Пиртеамен кездесіп, үшінші раундта тұншықтыру әдісінен кейін жеңілген. Ресейлік файтердің кәсіби мансабында 27 жеңіс және 13 жеңіліс бар.
Хамитов пен Махноны кездестіру әрекеті осымен бесінші рет жасалып отыр. Бұған дейін олардың айқасы Fight Nights промоушенінде бірнеше рет өтпей қалды. Кейін ACA 197 және ACA 206 турнирлерінде де жекпе-жек ұйымдастыру мүмкін болмады. 2025 жылы спортшылар көз арбасып, кездесуге ауызша келісім бергенімен, октагонға шыға алмады. Енді тараптар 30 қазанда Душанбеде бұл жекпе-жекті өткізуге тағы бір мүмкіндік алады.



