Еркебұлан Тоқтар IBA Nomad 15 турнирінде Артем Тарасовты нокаутқа жіберді

Еркебулан Токтар

Қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар IBA Nomad 15 турнирінде ресейлік поп-ММА өкілі Артем Тарасовты мерзімінен бұрын жеңді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Жекпе-жек бірінші раундта-ақ әсерлі нокаутпен аяқталды.

Кездесу үш минуттан тұратын үш раундқа жоспарланған болатын. Алайда Еркебұлан Тоқтар алғашқы минуттардан бастап бастаманы өз қолына алып, қарсыласын бірнеше ауыр соққымен теңселтті. Кейін дәл тиген апперкотпен Артем Тарасовты нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

Турнир қарсаңында екі спортшы арасындағы текетірес қыза түскен еді. Face to face рәсімі кезінде олардың арасында сөзге келу орын алған болатын. Сол сәттен кейін Еркебұлан Тоқтар қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіретінін мәлімдеген. Қазақстандық файтер жекпе-жекте айтқан сөзін іс жүзінде дәлелдеп шықты.

Бұл жеңіс Еркебұлан Тоқтардың жеңісті жолға қайта оралуына мүмкіндік берді. Бұған дейін ол 28 наурызда қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулуна ММА қолғаптарымен өткен бокс жекпе-жегінде төрешілердің бірауызды шешімімен жол берген болатын. Ал Артем Тарасов IBA Nomad 15 турниріне дейін NWPA ұйымында Роман Ткачты тұншықтыру әдісімен жеңіп келген еді.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру