Бибісара Асаубаева Франциядағы WR Women’s Chess Tour кезеңінде рапидтен жеңімпаз атанды
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 турының Еуропадағы кезеңінде рапид бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Қазақстандық спортшы плей-оффтың барлық кезеңінен сәтті өтіп, финалда украиналық Анна Музичуктен басым түсті. Ойын күнінің қорытындысы бойынша Асаубаева 5,5 ұпай жинап, рапид турнирінің басты жүлдесіне ие болды.
Ширек финалда Асаубаева Германияның гроссмейстері Элизабет Петцпен кездесті. Негізгі партияларда жеңімпаз анықталмағандықтан, келесі кезеңге өтетін шахматшы тай-брейк арқылы белгілі болды. Қосымша партияларда қазақстандық шахматшы басымдық танытып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл кезеңде оның қарсыласы Грузия өкілі Нино Бациашвили болды. Екі шахматшы арасындағы тартыс та соңғы партияға дейін жалғасты.
Жартылай финалда финал жолдамасының тағдыры «Армагеддон» партиясында шешілді. Асаубаева қара түспен ойнап, тең нәтижені сақтап қалды. Турнир регламентіне сәйкес, бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға финалға шығуға жеткілікті болды. Шешуші кездесуде Асаубаева украиналық Анна Музичукке қарсы ойнады. Қазақстандық шахматшы финалдың алғашқы партиясында қара түспен жеңіске жетіп, екінші партияда да басымдығын сақтап, турнирдегі жеңісін рәсімдеді.
Рапидтегі жеңістен кейін Асаубаева Сен-Тропеде өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 кезеңіндегі өнерін жалғастырады. Келесі жарыс блиц бойынша өтеді, онда барлық қатысушы ширек финалдан бастап жеке трофей үшін таласады. Осылайша, рапид турнирінің жеңімпазы атанған қазақстандық шахматшы бір кезең аясында екінші титулды да жеңіп алу мүмкіндігіне ие болды.



