Атақты Roland-Garros енді Қазақстанда. Gorky Tennis Park — Roland-Garros ресми клубы

Фото: пресс-служба ФТК
Алматы, тамыз 2025 — Gorky Tennis Park ең беделді теннис турнирлерінің бірі Roland-Garros ресми клубы мәртебесін алды. Сөйтіп осындай атаққа қол жеткізген әлемдегі үш клубтың бірі атанды. Әріптестік Франция теннис федерациясы және Gorky Tennis Park арасында ресми келісіммен бекітілді.
«Біз тарихи сәтке қол жеткізіп, Қазақстан аумағында үлкен брендтің атынан өкілдік ететінімізге өте қуаныштымыз. Өйткені біздің шешуші міндетіміз – елде теннисті кемеліне келтіре дамыту. Енді біздің балаларымыз бен теннис жанкүйерлері Rolland-Garros атмосферасы, мәдениеті, дәстүрлерімен танысып, жақсы жағдайда жаттыға алады», — деп атап өтті Gorky Tennis Park бас директоры Ардақ Абижанов.
Бұдан былай Gorky Tennis Park төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі – Франция ашық чемпионатын ұйымдастыру мен өткізуге байланысты құрылымның бөлігіне айналады. Әлемдегі ең беделді теннис турнирлерінің бірімен байланысы арқасында Roland-Garros ресми клубының мәртебесі қазақстандық клубты әлемдік теннис қауымдастығында мойындатады, оның жоғары рөлі мен ерекше маңызын айқындай түседі.
Әріптестік аясында Gorky Tennis Park Орталық және Батыс Азия елдері үшін Roland-Garros Junior Series by Renault іріктеу кезеңін өткізу құқығына ие болды. Бозбалалар мен қыздар арасында жеңімпаздар, сондай-ақ финалистер Токиода биыл 13-19 қазанда өтетін финалдық кезеңге қатысады, онда Азияның мықты жасөспірімдері бас қосады.
«Франция теннис федерациясы Roland-Garros талаптарына сай келетін топырақ төсенішіндегі сапалы корттары бар Gorky Tennis Park клубымен ынтымақтастықты мақтан етеді. Қазақстандағы Roland-Garros бірегей клубы ретінде Gorky Tennis Park аймақта теннис үшін жаңа стандарт орнатады. Біз 2024 жылдан клубтың Орталық және Батыс Азия елдері үшін Roland-Garros Junior Series by Renault іріктеу турнирін өткізе бастағанына ерекше ризамыз. Бұл – топырақ төсенішіндегі чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеудегі маңызды қадам», — деді Roland-Garros халықаралық бағытының басшысы Аймерик Лабаст.
«Азия теннис федерациясы Алматы қаласындағы Gorky Park қазақстандық теннис орталығының Roland-Garros ресми клубы ретінде мойындалғанына разы. Бұл – Азия тарихында Қытайдың Roland-Garros Club Hainan клубынан кейінгі екінші оқиға. Клубтың өз жұмыс деңгейі мен теннис инфрақұрылымының сапасы үшін осынша жоғары баға алғаны қуанышты. Біз Gorky Tennis Park тек Қазақстан ғана емес, Азиядағы ең жарқын және танымал теннис клубтарының біріне айналарына сенімдіміз», — деп атап өтті Азия теннис федерациясының президенті Юрий Польский.
Gorky Tennis Park орталығының Roland-Garros ресми клубы ретінде мойындалуы – Қазақстан теннис федерациясының көп жылғы қолдауының нәтижесі. Федерация бапкерлерді дайындауға, ойыншыларды қолдауға және клубтық жұмыс пен инфрақұрылым талаптарын көтеруге мақсатты түрде әрі үнемі қаржы салып келеді.
Соңғы кезде теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың қаржылай қолдауымен Gorky Tennis Park кәсіби академияны іске қосып, инфрақұрылымды күрделі жөндеп, халықаралық талаптарға сәйкес корт жабындарын жаңартып, орталықты толықтай реконструкциялаудан өткізді.