Дана Уайт Том Аспиналлдың UFC-ден кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды

Том Аспиналл

Том Аспиналл

UFC басшысы Дана Уайт ұйымның ауыр салмақтағы чемпионы Том Аспиналлдың промоушеннен кетуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін британдық спортшының соққы техникасы бойынша жаттықтырушысы Стипе Дрвиш осындай мәлімдеме жасаған еді. Алайда UFC басшылығы бұл ақпаратты растаған жоқ.

Уайт Аспиналл екеуінің арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ екенін және британдық спортшының UFC құрамында қала беретінін айтты. Оның сөзінше, Аспиналл толық қалпына келгеннен кейін октагонға қайта оралады және оған келесі жекпе-жек ұйымдастырылады.

«Ол ешқайда кетпейді. Том Аспиналл екеуіміздің арамызда бәрі жақсы. Оның соққы техникасы бойынша жаттықтырушысы бұл туралы айтқанын білмедім. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анық. Ол қалпына келіп, жекпе-жекке дайын болған кезде біз оған қарсылас ұйымдастырамыз», – деді Уайт Spinnin Backfist басылымына берген сұхбатында.

Аспиналл 2025 жылдың қазан айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. UFC 321 турнирінде оның Сириль Ганмен чемпиондық жекпе-жегі көзге саусақ сұғу оқиғасынан кейін өтпеді деп танылды. Осыдан кейін британдық спортшы бірнеше операциядан өтіп, қалпына келу кезеңін бастады. Аспиналл ММА мансабында 18 жекпе-жек өткізіп, 15 жеңіске жеткен және үш рет жеңілген.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру