Луис Энрике Еурокубоктар тарихындағы үздік үш бапкердің қатарына кірді

Луис Энрике

Фото: X.com

ПСЖ бас бапкері Луис Энрике кезекті еуропалық трофейін жеңіп, Еурокубоктар тарихындағы титул саны бойынша ең үздік үш бапкердің қатарына қосылды.

Париждік клуб УЕФА Суперкубогы үшін өткен матчта «Астон Вилланы» 2:1 есебімен жеңді. ПСЖ 20-минутта Хвича Кварацхелияның голы арқылы есеп ашты. Алайда бірінші тайм аяқталмай жатып 17 жастағы Брайан Маджо таразы басын теңестірді. Ол Суперкубок тарихындағы ең жас гол авторы атанды.

Екінші таймда париждіктер қайтадан алға шықты. 61-минутта Дезире Дуэ қарсылас қақпасын дәл көздеді. Алғашында гол офсайдқа байланысты есептелмеді, бірақ VAR-дан кейін төреші шешімін өзгертіп, голды санады. Қалған уақытта Энрике шәкірттері есепті сақтап, жеңіске жетті.

Бұл Луис Энрике үшін бапкерлік мансабындағы алтыншы еуропалық трофей болды. Осы көрсеткіш бойынша испаниялық маман Алекс Фергюсон және Джованни Трапаттонимен теңесіп, тарихи рейтингте үшінші орынға шықты. Ал одан жоғары Пеп Гвардиола – жеті, Карло Анчелотти – он еуропалық трофеймен тұр.

Энрике еуропалық жүлделерін «Барселона» мен ПСЖ сапында жеңіп алды. Оның қоржынында Чемпиондар лигасының үш кубогы бар – «Барселонамен» 2014/15 маусымында және ПСЖ-мен 2024/25, 2025/26 маусымдарында. Сонымен қатар ол УЕФА Суперкубогын үш рет – 2015, 2025 және 2026 жылдары жеңіп алды. Энрике бас бапкер ретінде қатысқан Еурокубоктардағы алты финалдың барлығында жеңіске жеткен.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру