Тарихи алтын медаль: бас бапкер грек-рим күресінен әлем чемпионатын қорытындылады

Айдос Султангали

Фото: Getty Images

Хорватияның Загреб қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл додада жеңіс тұғырының биігіне көтеріліп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Загребте (Хорватия) күрес түрлерінен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Соңғы болып бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты.

1758551594

Қазақстан құрамасының басты жүлдесі – бір алтын медаль. Айдос Сұлтанғали (60 келі) жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Бұл Қазақстанның грек-рим күресінен ХХI ғасырдағы алғашқы алтын медалі болды.

Айдос іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ширек финалда 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері солтүстіккореялық Се Ун Римен кездесті. Кездесу тең дәрежеде өткенімен, Айдос жеңіске жетті. Осылайша финалға өтіп, Өзбекстан балуаны Алишер Ганиевпен күш сынасты. Белдесудің қорытындысы бойынша Айдос Сұлтанғали 9-0 есебімен жеңіске жетті.

1758551638

Одан бөлек 72 келіге дейінгі салмақта Мерей Мәулетқанов та жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Отандасымыз қола жүлде үшін күресуге дейін барды. Дегенмен ақтық сында жеңіліп қалды. Алайда жерлесіміз жарқын жеңістерімен жанкүйерлерді қуантты. Мысалы, ширек финалда Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Парвиз Насибовты (Украина), 1/8 финалда 2022 жылғы әлем чемпионы Али Арсаланды (Иран) тізе бүктірді.

1758551673

Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев бұл жолы жүлдесіз қайтты. Отандасымыз қола үшін өткен белдесуде венгриялық Роберт Фричке жол берді.

Жас балуан Ислам Евлоев та өзін жақсы қырынан көрсете алды. Грек-рим күресінің шебері қола медаль үшін күрескен болатын. Бірақ бұл сында ол ресейлік Милад Алирзаевқа есе жіберді. Тағы бір отандасымыз Ержет Жарлықасын 63 келі салмақтың жұбаныш белдесуінде қарсыласына жол берді.

Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы балуандардың өнеріне баға беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

“Жарыс алдындағы мақсатымыз орындалды. Тағы екі қола жүлде болғанда, тіпті жақсы болар еді. Негізі бір алтын, екі қола медаль жеңіп алу үшін келген едік. Үш балуанымыз қола жүлде үшін күресті. Дегенмен кішкене жетпей қалды.

Енді 2-3 айдың ішінде бір айтарлықтай өзгеріс жасай алмаймын ғой. Балуандардың әрқайсысы өздігінен дайындалып жүрген болатын. Менің мақсатым – командадағы ауызбіршілікті нығайтып, алтынға жұмыс істеу болды. Одан бөлек дәрігерлеріміздің еңбегін ерекше атап өтуге болады.

1758551851

Айдос бұған дейін рейтингтік турнирде өзбек балуанымен кездескен болатын. Сол бәсекеде өзбек балуаны жеңіске жеткен еді. Ал кеше аяқталған әлем чемпионатының финалында Айдос 8:0 есебімен жеңіп алды.

Ал жастар құрамасынан Мерей Мәулетқанов, Рахат Бержанов, Ислам Евлоев келді. Үшеуіде жақсы күресті, бар күшін салды. Мысалы, Мерей Мәулетқанов ересектер арасында екі дүркін Олимпиада жүлдегерін, әлем чемпионын ұтты. Рахат Бержанов бірінші айналымда күресті. Бірақ кішкене физикалық дайындығы жетпей қалды. Ол да болашағынан үміт күттіретін балуандардың бірі. Ислам Евлоев 2025 жылғы әлем чемпионы украиналық балуаннан жеңіліп қалды. Дегенмен белдесу тең дәреже өтті.

Әлі де атқаратын жұмысымыз көп. Келесі жылы алтынға үміткер балуандарымыз бар. Мақсатымз – тағы алтын медаль жеңіп алып, елді қуанту”, – деді Қонысбек Кәрімұлы.

1758551953

Сондай-ақ бас бапкер алдағы ел чемпионаты және мақсаттары жайлы айтып берді.

“Алда Азия ойындары күтіп тұр. Жалпы Азияда күрестегі бәсекелестік деңгейі өте жоғары.

Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында ел чемпионаты өтеді. Сол Қазақстан чемпионатында ұлттық құраманы жасақтаймыз. Енді алдымызда екі жарыс күтіп тұр: бірі – Азия ойындары болса, екіншісі – әлем чемпионаты. Екеуінің арасы үш апта. Сондықтан екі құраманы дайындаймыз. Балуандарды ел чемпионатынан босатпау керек. Себебі балалардың өнерін көріп, ішкі бәсекелестік деңгейін көтеру қажет. Дегенмен бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешімді президентпен ақылдаса отырып қабылдаймыз.

Сондықтан әлем чемпионатынан кейін балуандарымыз өз үйлеріне қайтып, жеке бапкерлерімен ел чемпионатына дайындалады.

Енді келесі арманымыз – Олимпиада чемпионы. Сол нәтижеге жетсек деп армандаймыз”, – деп қорытындылады бас бапкер.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спортивный журналист и обозреватель. Специализируется на казахстанском футболе и олимпийских видах спорта. Побывал на Олимпийских играх в Токио и играх БРИКС.
Барлық авторлық жазбаларды көру