ҚФФ Қазақстан құрамасының бас бапкеріне қойылатын талаптарды бекітті

Талгат Байсуфинов

Фото: UEFA

Қазақстан футбол федерациясының Техникалық даму комитеті ұлттық құраманың бас бапкеріне арналған кәсіби талаптар профилін бекітті, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Құжатта ұлттық команданың бас бапкері қызметіне үміткерлерді қарастыру кезінде ескерілетін негізгі кәсіби және ұйымдастырушылық талаптар айқындалған.

ҚФФ мәліметінше, Техникалық даму комитеті ойыншыларды, бапкерлерді және ұлттық құрамаларды даярлау бағытында мол тәжірибесі бар мамандардан құралған сарапшылық орган болып саналады. Бекітілген профиль Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкерін іріктеу кезінде негізгі бағдар ретінде қолданылады.

Құжатқа сәйкес, үміткер қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиындары мен жауапты ресми матчтар жағдайында жұмыс істей алатын тәжірибеге ие болуы тиіс. Сонымен қатар тактикалық икемділік, ойын үлгісін қарсыласқа және матч барысына қарай жедел өзгерте білу, көшбасшылық қасиет, командамен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ аналитиктерді, дене даярлығы жөніндегі мамандарды және қақпашылар бапкерін қамтитын кәсіби жаттықтырушылар штабын жасақтай алу негізгі талаптардың қатарына енгізілді.

Бекітілген құжат ҚФФ басшылығына жолданып, кейін Федерацияның Атқарушы комитетіне қарауға ұсынылады. Техникалық даму комитеті ұлттық құраманың бас бапкерін тағайындауда жүйелі тәсілді ұстану Қазақстан футболының ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру