Месси рекорд жаңартты, Франция плей-оффқа шықты. ӘЧ-2026-дағы күн қорытындысы
Футбол
Футболдан ӘЧ-2026 турнирінде кезекті ойын күні аяқталды. Бұл күннің басты кейіпкерлері Лионель Месси, Эрлинг Холанд және Килиан Мбаппе болды.
J тобында Аргентина құрамасы Австрияны 2:0 есебімен жеңіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Екі голды да Лионель Месси соқты. Осылайша аргентиналықтар алты ұпай жинап, мерзімінен бұрын плей-офф жолдамасын рәсімдеді. Сонымен қатар Месси әлем чемпионаттарындағы гол санын 17-ге жеткізіп, турнир тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
I тобында Франция құрамасы Иракты 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Килиан Мбаппе дубль авторы атанса, тағы бір голды Усман Дембеле соқты. Найзағай мен қатты жаңбырға байланысты матч бірнеше сағатқа тоқтатылғанымен, бұл француздардың жеңісіне кедергі бола алмады. Нәтижесінде Дидье Дешам шәкірттері де плей-оффқа шығу міндетін орындады.
Ал Норвегия Сенегалды 3:2 есебімен ұтып, маңызды үш ұпай еншіледі. Эрлинг Холанд дубль жасап, Норвегия құрамасының әлем чемпионаттарындағы ең үздік бомбардирі атанды. Сондай-ақ J тобында Алжир алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, Иорданияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Қазірдің өзінде Аргентина мен Франция келесі кезеңге жолдама алып қойса, қалған орындар үшін тартыс соңғы турда жалғасады.

