Каршыға Даутбек American Top Team командасына қосылды

Каршыга Даутбек. Фото: thomi40_sports/Instagram
Жапонияның Rizin лигасында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшы Каршыға Даутбек Майамидегі әйгілі American Top Team залымен келісімшартқа отырды. Бұл туралы АҚШ-та тұратын әрі қазақстандық спортшыларға көмектесіп жүрген Денис Милованов хабарлады.
«Бүгін біздің бауырымыз Каршыға әлемдегі ең мықты залдардың бірі – American Top Team-мен келісімшартқа қол қойды. Енді ол осы үлкен отбасының мүшесі», – деп жазды Милованов Instagram парақшасында.
ATT залында қазір UFC-дің үздік файтерлері жаттығады: Дастин Порье, Арман Царукян, Алешандре Пантожа сынды жұлдыздар бар. Каршыға өз мансабында қатарынан 10 рет жеңіске жетті, жалпы рекорды – 18 жеңіс пен 3 жеңіліс. Соңғы айқасында экс-чемпион Чихиро Сузукиді жеңіп, Rizin-дағы үшінші жеңісін тіркеді.
Алдағы жекпе-жегінде титул сарапқа салынады деп күтілуде. Қазір Каршыға 66 келіде сынға түсіп жүр, алайда 61 келіге түсу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.