Ербол Хамитов Паралимпиада чемпионы атанды
Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Ол парабиатлоннан 4,5 шақырым қашықтықтағы «қуып жету жарысында» алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық жарыста қазақстандық спортшы 9 минут 39 секунд нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Украина өкілі Тарас Рад иеленді, оның нәтижесі — 10 минут 00,5 секунд. Үшінші орын Қытай спортшысы Лю Мэнтаоға бұйырды, ол 10 минут 11,5 секунд нәтижемен мәреге жетті.
Ербол Хамитов үшін бұл Паралимпиададағы екінші медаль болды. Бұған дейін ол Қазақстан құрамасына осы ойындардағы алғашқы жүлдені алып келіп, парашаңғы жарысында 1500 метр қашықтықтағы классикалық спринтте қола медаль иеленген болатын.
«Қуып жету жарысы» бойынша отырып жарысатын спортшылар санатында өткен финалда қазақстандық Юрий Березин он тоғызыншы орын алды, ал Сергей Усольцев жиырма үшінші болып мәреге жетті. Ал тік тұрып жарысатын спортшылар санатындағы финалдық жарысқа Қазақстан атынан Александр Герлиц қатысады. Жарыстың тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасында Астана уақытымен 17:25-те басталады.


