Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінің финалында Арина Соболенкоға қарсы ойнайды

Елена Рыбакина

Фото: Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде №6) Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің финалына шығып, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға қарсы сынға түседі, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.

Рыбакина топтық кезеңде америкалық Аманда Анисимованы (№4) — 6:3, 6:1, польшалық Ига Швёнтекті (№2) — 3:6, 6:1, 6:0 және ресейлік Екатерина Александрованы (№10) — 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Жартылай финалда ол тағы бір америкалық — Джессика Пегуланы (№5) 4:6, 6:4, 6:3 есебімен ұтты.

Ал Соболенко топта Жасмин Паолиниді (№8) — 6:3, 6:1, Джессика Пегуланы — 6:4, 2:6, 6:3 және Кори Гауффты (№3) — 7:6, 6:2 есебімен жеңсе, жартылай финалда Аманда Анисимованы (№4) 6:3, 3:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

WTA қорытынды турнирінің финалы 8 қараша күні өтеді. Турнир жеңімпазы маусымның басты атағын және 5 миллион доллардан астам сыйақыны иеленеді.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру