Джон ван ’т Схип: «Бізге жеңіс керек, сондықтан шабуылда мүмкіндік іздеуіміз қажет»

Джон ван ’т Схип

Джон ван ’т Схип

Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип УЕФА Ұлттар лигасының 4-туры аясында Фарер аралдарына қарсы өтетін матч туралы ойын айтты. Сондай-ақ маман команда дайындығы, жаттықтырушылар штабы және негізгі құрамдағы ықтимал өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.

«Молдовадан жеңілгеніміз бізді қатты қынжылтты. Футболшылармен сөйлестік, жанкүйерлеріміздің де дәл сондай көңіл күйде екенін жақсы түсінеміз. Қазір бәрі өзімізге байланысты. Қалпымызды қалпына келтіріп, ертеңгі матчты жақсы өткізіп, үш ұпай алуға тырысуымыз керек. Ол үшін сапалы футбол көрсетіп, тәртіпті сақтап, өзіміз жақсарта алатын тұстарды түзетуіміз қажет», – деді ван ’т Схип.

Бас бапкер өзімен бірге Нидерландтан жаттықтырушылар штабын алып келмегені туралы да айтты. Оның сөзінше, ол команда нәтижесіне толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Ван ’т Схип бастапқыдан-ақ қазақстандық мамандармен жұмыс істегісі келгенін және олармен тамыз айынан бері бірге жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. «Егер қазір біз қалаған нәтижелерге қол жеткізе алмай жүрсек, оның себебі менің өзіммен бірге ассистенттерді алып келмегенім емес», – деді маман.

Ван ’т Схип Молдоваға қарсы матчтың екінші таймындағы ойынға да тоқталды. Оның айтуынша, бірінші таймда футболшылар біраз қысылып ойнаған, бірақ бұл команда жоспарына кірмеген. Үзілістен кейін Қазақстан құрамасы шабуылды жиілетіп, қапталдан көбірек доп асырды және соққы жасауға тырысты. «Келесі матчта дәл осындай ойынды алғашқы минуттардан көрсеткіміз келеді. Бірақ тепе-теңдікті де сақтау маңызды. Фарер аралдары жылдам шабуыл кезінде өте қауіпті. Бізге жеңіс керек, сондықтан алға ұмтылып, шабуылда мүмкіндік іздеуіміз қажет. Онсыз гол соғу мүмкін емес», – деді ол.

Бас бапкер алдағы матчта негізгі құрамда өзгерістер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, ұлттық құраманы қысқа уақытта төрт ойын күтіп тұр, сондықтан футболшылардың физикалық жағдайы маңызды. Бапкерлер штабы бүгінгі жаттығудан кейін ойыншылардың жағдайын бағалап, негізгі құрамды ертең таңертең анықтайды. Сонымен қатар мамандар Фарер аралдарына қарсы бұған дейінгі ойынды және олардың Молдова мен Словакияға қарсы соңғы матчтарын да талдап жатыр.

Стас Покатиловқа қатысты ван ’т Схип қақпашыны үшінші ойыннан кейін ауыстыру туралы шешім тек ойыншының жүктемесі мен көп ұшқанына байланысты қабылданғанын айтты. Бұл шешім қақпашылар жаттықтырушысымен және Покатиловтың өзімен бірге қабылданған. Сонымен қатар бас бапкер Қазақстан футболын жақсы білетін мамандармен жұмыс істеудің өзі үшін маңызды болғанын атап өтті. «Екі айдың ішінде көптеген матч көріп, бейнематериалдарды зерттедік. Барлық шешімді штабпен бірге талқылаймыз. Бірақ соңғы жауапкершілік, әрине, менің мойнымда», – деді ол.

Жанкүйерлерге үндеуінде Джон ван ’т Схип олардың көңіл күйін жақсы түсінетінін айтты. «Біз де – футболшылар да, жаттықтырушылар штабы да – қатты қынжылып отырмыз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап, күресуге, Қазақстан мен оның жанкүйерлері үшін ойнауға және жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Қазір ең маңыздысы – осы», – деп түйіндеді бас бапкер.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру