Дастан Сәтбаев «Уотфордқа» қарсы матчта алаңға оралуы мүмкін
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев жарақатынан кейін қалпына келіп, «Бернли» сапындағы жаттығуларға кірісті. Оның алаңға оралуы мүмкін екенін футбол блогері Mr.Panama.Football хабарлады, деп жазады Pin-UpSport.kz.
Блогердің айтуынша, 18 жастағы шабуылшының жағдайы жақсы және ол 10 қазанда өтетін Чемпионшип аясындағы «Уотфордқа» қарсы сырт алаңдағы матчқа өтінімге енгізілуі мүмкін. Дегенмен футболшының ойынға қатысу-қатыспауын команданың бас бапкері шешеді.
«Дастанның оралуымен туннельдің соңында жарық көрінгендей. Қалай ойлайсыздар, егер бапкер алаңға шығарса, Дастан келесі матчта гол соға ала ма?» – деп жазды блогер.
Еске салайық, Сәтбаев Чемпионшип аясында қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы өткен матчта жамбас бұлшықетінен жарақат алып, бірнеше аптаға қатардан шығып қалған еді. Қазақстандық футболшы «Челсиден» жалға алу шартымен «Бернли» сапында өнер көрсетеді.



