Алматыда Denis Ten Memorial Challenge 2026 турнирі басталады
Алматыда 8 қазанда Denis Ten Memorial Challenge 2026 халықаралық турнирінің жарыс бағдарламасы басталады. Қазақстан намысын өз мұз айдынында үш бағдарлама бойынша тоғыз мәнерлеп сырғанаушы қорғайды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев өнер көрсетеді. Әйелдер бәсекесінде Қазақстан атынан Софья Самоделкина, Амина Алексеева, Амира Ирматова, Алика Халимова, Зере Сарбалина және Нурия Сулеймен шығады. Мұздағы биден ел намысын Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев қорғайды.
8 қазанда жекелей сында қатысушылар қысқа бағдарламаларын орындайды. 9 қазанда ырғақты би және әйелдер арасындағы еркін бағдарлама өтеді. Ал 10 қазанда ерлердің еркін бағдарламасы мен би жұптарының еркін бағдарламасы ұйымдастырылады.
Denis Ten Memorial Challenge Алматыда сегізінші рет өткізіліп, 2026/27 маусымындағы ISU Challenger Series сериясына кіреді. Жарыс «Халық Аренада» өтеді. Турнир 10 қазанда жүлдегерлер мен шақырылған мәнерлеп сырғанаушылар қатысатын гала-шоумен аяқталады.



