«Қайрат» — Қазақстан Суперкубогының жеңімпазы

Қайрат
Алматылық «Қайрат» пен «Ақтөбе» Қазақстан Суперкубогы үшін өткен матчта кездесті. Елорданың «Астана Арена» стадионында чемпион мен Кубок иегері арасындағы тартысты ойын жанкүйерлердің қызығушылығын оятты.
Ойынның алғашқы бөлігінде алматылықтар белсенді бастады, алайда тайм соңына қарай ақтөбеліктер де шабуылға шығып, есеп ашуға тырысты. Дегенмен, бірінші таймда таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Үзілістен кейін чемпиондар шабуылдарын үдетіп, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Нәтижесінде, 58-минутта Элдер Сантана қақпашымен бетпе-бет шығып, командасын алға шығарды. Араға төрт минут салып, «Ақтөбе» ойыншысы Еркін Тапалов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұл жағдай ақтөбеліктердің ойынына кері әсерін тигізді. 87-минутта Валерий Громыко қарсылас қақпасына екінші голды соғып, ойынның соңғы нүктесін қойды.
Осылайша, «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, клуб тарихында үшінші рет Қазақстан Суперкубогын иеленді.
Матч нәтижесі:
«Қайрат» — «Ақтөбе» 2:0 (0:0)
Голдар: Сантана (58), Громыко (87)
Қызыл қағаз: Тапалов (62)