«Ақтөбе» футбол клубының бюджеті белгілі болды

ФК «Ақтөбе»

ФК «Ақтөбе»

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов өңірдегі спорт клубтарының 2025 жылға арналған бюджеті туралы айтты.

Оның айтуынша, биыл «Ақтөбе» футбол клубына мемлекет қазынасынан 2,4 млрд теңге қарастырылған. Командаға Қазақстан Премьер-лигасы мен Қазақстан Кубогінде жоғары нәтижеге қол жеткізу міндеттелген. Сондай-ақ, халықаралық жарыстарға қатысу да жоспарда бар.

– Қазіргі таңда легионерлердің жалақысына қатысты заңнамадағы өзгерістерді күтіп отырмыз. Құжат қолымызға тигеннен кейін шетелдік ойыншылардың еңбекақысын бюджеттен тыс көздер арқылы төлеу қарастырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Сонымен қатар, шағын футболдан ересектер командасына 450 млн теңге бөлінсе, балалар футбол орталығының қажетіне 300 млн теңге қарастырылған. Әйелдер футболына 100 млн теңге бөлініп отыр.

Хоккей клубының бюджеті 1 млрд 290 млн теңгені құрайды. Оның ішінде ересектер командасына 620 млн, жастар командасына 340 млн, ал академияға 330 млн теңге бағытталған. Мұнда да енді легионерлерге бюджет қаржысы жұмсалмайды.
Баскетбол клубына биыл 136 млн теңге қарастырылған. Оның 91 млн теңгесі жастар командасына, ал 45 млн теңгесі әйелдер командасына бөлінді.

Жалпы, 2025 жылы Ақтөбе облысында спорт саласын дамытуға 21 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ, кәсіби командалардың нәтижелерін арттыруға бағытталады.

Тегтер:
Автор туралы

Айбар Рысдалует

Спортивный журналист и обозреватель. Специализируется на казахстанском футболе и олимпийских видах спорта. Побывал на Олимпийских играх в Токио и играх БРИКС.
Барлық авторлық жазбаларды көру