Қазақстандық екі балуан U23 әлем чемпионатының финалына шықты
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілдері Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан U23 әлем чемпионатының финалына шықты. Осылайша, екі балуан да кем дегенде күміс медальға кепілдік берді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Айбек Айтбеков жартылай финалда украиналық Евгений Поковбаны 5:4 есебімен жеңді. Бұған дейін қазақстандық балуан жапониялық Сейма Токухарадан 7:3 есебімен басым түскен еді. Финалда оның қарсыласы Әзербайжан өкілі Эльмир Алиев болады.
72 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Юсуф Ашрапов жартылай финалда түркиялық Ибрахим Өздемирді мерзімінен бұрын жеңді. Қазақстандық балуан есеп 5:0 болып тұрған кезде, белдесудің 48-секундында қарсыласын таза жеңіспен ұтты. Финалда ол Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездеседі.
Екі салмақтағы финалдық белдесулер жергілікті уақыт бойынша 13 қазанға жоспарланған. 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты Лас-Вегаста 12-18 қазан аралығында өтеді.



