Нұрқанат Серікбаев Бакудегі әлем чемпионатындағы жолын аяқтады
Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Бакуде өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы жарысын 66 келіге дейінгі салмақта екінші белдесуінде қазіргі әлем чемпионы Такеши Такеокадан жеңіліп, аяқтады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Серікбаев турнирдегі алғашқы белдесуінде Алжир өкілі Каис Мудетерді «вазари» бағасымен жеңді. Екінші айналымда қазақстандық дзюдошы Такеокамен кездесті. Жапония өкілі «вазари» және «юко» бағаларын алып, келесі кезеңге өтті.
Такеока 66 келіге дейінгі салмақтағы көшбасшы дзюдошылардың бірі саналады. Ол 2024 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алса, бір жылдан кейін әлем чемпионы атанды. Биыл жапониялық спортшы Париж және Ұланбатыр қалаларындағы Grand Slam турнирлерінде де жеңіске жетті.
Серікбаев наурыз айында Тбилисидегі Grand Slam турнирінде чемпион атанған еді. Кейін қазақстандық дзюдошы екі рет жүлдеге бір қадам жетпей, Азия чемпионатында және өз жерімізде өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде бесінші орын алды.



