Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі жекпе-жегінің уақыты мен орны белгілі болды

Фото: Zuffa LLC
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаевтың келесі жекпе-жегі 21 қарашада Катарда өтуі мүмкін. Бұл туралы спортшының жаттықтырушысы Эдуард Базров мәлімдеді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Әзірге қазақстандық спортшының қарсыласы нақты бекітілген жоқ.
Бұған дейін Алмабаевтың Брэндон Ройвалмен кездесуі ықтимал болған. Алайда америкалық спортшы отбасылық жағдайына байланысты жекпе-жектен бас тартқан, сонымен қатар оның аздаған жарақаты бар. Базровтың айтуынша, команда жақын арада жаңа қарсыластың аты белгілі болады деп күтіп отыр. Жаттықтырушы нақты есімдерді атауға әлі ерте екенін жеткізді, себебі келісімшартқа қол қойылмаған. Дегенмен ол Алмабаевқа деңгейі жоғары қарсылас ұсынылатынына сенімді екенін айтты.
Асу Алмабаев UFC-дегі соңғы жекпе-жегін маусым айында өткізді. Сол кездесуде ол америкалық Чарльз Джонсонмен айқасып, үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңіске жетті. Джонсонның кәсіби рекорды сол кезде 20 жеңіс пен тоғыз жеңілістен тұрған.
Алмабаев UFC-дегі келесі жекпе-жегін күтпестен, грэпплингте де өнер көрсетіп үлгерді. 30 тамызда Ыстамбұлда өткен ACBJJ 22 турнирінде ол жеңіліп көрмеген Халим Назрулоевпен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Осы нәтиже қазақстандық спортшыға All-Stars No-Gi чемпионы атануға мүмкіндік берді. Бұл жекпе-жек MMA ережесімен өткен жоқ, Алмабаев оны ACBJJ лигасымен келісімшартқа отырғаннан кейінгі грэпплингтегі жеке жарысы ретінде өткізді. Енді қазақстандық файтер 21 қарашада Катарда UFC октагонына қайта оралуды жоспарлап отыр.


