Қазақстан құрамасы волейболдан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қазақстанның әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан волейболдан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық спортшылар Австралия құрамасын 3:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Қазақстандық волейболшылар кездесуді сенімді өткізіп, үш партияның барлығында жеңіске жетті. Бірінші сетте Қазақстан құрамасы 25:21 есебімен басым түссе, екінші партияда 25:18 нәтижесімен жеңіске жетті. Үшінші сетте де қазақстандықтар қарсыласына мүмкіндік бермей, 25:21 есебімен жеңісті рәсімдеді. Осы нәтиже командаға турнирдегі алғашқы ұпайларын алуға мүмкіндік берді.
Топтық кезеңнің алғашқы матчында Қазақстан құрамасы Индонезиядан 0:3 есебімен жеңілген болатын. Екі кездесуден кейін қазақстандық команда B тобында екінші орында тұр. Топтық кезеңдегі соңғы матчта Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта көш бастап тұрған Таиландпен кездеседі.
Қазақстан мен Таиланд арасындағы ойын 25 тамызда Астана уақытымен сағат 7:00-де басталады. Таиланд – Азияның қазіргі чемпионы. 2023 жылы Таиланд құрамасы құрлық біріншілігінде тарихында үшінші рет жеңіске жетіп, финалда Қытайды 3:2 есебімен ұтты. Сонымен қатар қазіргі Азия чемпионатында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына тікелей жолдама да сарапқа салынады.


