Лионель Месси әлем чемпионаттарының тарихи рекордын жаңартты
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси футболдан ерлер арасындағы әлем чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмерген атанды, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
ӘЧ-2026 турниріндегі Австрияға қарсы матчта аргентиналық шабуылшы мундиальдардағы 17-голын соғып, Мирослав Клозенің рекордын жаңартты.
Тарихи гол матчтың 38-минутында соғылды. Месси шабуылды өзі бастап, Факундо Мединаның пасынан кейін допты қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттап, есеп ашты.
Осылайша 39 жастағы аргентиналық әлем чемпионаттары тарихындағы үздік бомбардир атанды. Бұған дейін бұл рекорд Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозеге тиесілі болатын. Ол әлем чемпионаттарында 16 гол соққан еді. Бұл көрсеткіш 12 жыл бойы жаңармаған болатын. Ал Алжирге қарсы өткен алдыңғы матчта Месси хет-трик жасап, неміс футболшысының нәтижесіне жеткен еді.
Бұл гол Мессидің ЧМ-2026 турниріндегі төртінші нәтижелі соққысы болды. Сонымен қатар ол әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарының рекордшысы Мартамен теңесті. Бразилиялық футболшының еншісінде де әлем чемпионаттарында соғылған 17 гол бар. Айта кетейік, ЧМ-2026 Месси үшін алтыншы әлем чемпионаты саналады. Ол алғашқы голын дәл осыдан 20 жыл бұрын, 2006 жылдың 16 маусымында Сербия және Черногория құрамасына қарсы матчта соққан болатын.



