Соня Жиенбаева Қытайдағы турнирде финалға дейін жетті

Фото: ФТК
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Қытайдың Чжэнчжоу қаласында өткен ITF W35 турнирінің жұптық сынында чемпион атана алмады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Финалда ол ресейлік Екатерина Яшинамен бірге өнер көрсетіп, қытайлық жұпқа жол берді.
Шешуші кездесуде Жиенбаева мен Яшина Қытай өкілдері Юиа Хуан және Ушуан Чженмен кортқа шықты. Бір сағат алты минутқа созылған матчта қазақстандық-ресейлік жұп екі сет қорытындысы бойынша 3:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
Соған қарамастан, Соня мен Екатерина турнир барысында сәтті өнер көрсетті. Олар ширек финалда Пришка Мадэлин Нугрохо мен Жиаки Вангты тартысты матчта 4:6, 7:5, 12:10 есебімен жеңсе, жартылай финалда Ринко Мацуда мен Юфей Рен жұбынан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Айта кетерлігі, ширек финал мен жартылай финал кездесулерін Жиенбаева мен Яшина бір күнде өткізді. ITF W35 санатындағы турнир 15-21 маусым аралығында Чжэнчжоу қаласында өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрады.



